Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағындағы жануарларды азықтандыру биотехнологиясы.

    Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің Биология және география факультетінің “биотехнология” мамандығының 4 курс студенттері: Ахметова Назерке Юсуповна, Азирахмет Жансая Сулейменқызы, Карбозова Жансая Серикқызы  Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағында “зоокухня” бөлімінде кәсіптік іс-тәжірбие өттік. Іс тәжірбиенің алғашқы күндері бізге хайуанаттар бағының қызметкерлері жалпылама зообақпен таныстыру өткізді.

    Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағы өз ішінен жануарларды биологиялық системаға байланысты 6 басты топқа бөледі. Әр топқа жататын жануарлар мен құрт-құмырсқалардың бір күндік рационы арнайы мамандардың есептеуі бойынша белгіленген. Жануарлардың күнделікті қоректенетін тағам рационын қарастырдық. Әр жануардың рацион мөлшері әр түрлі. Көбінесе тағам тізіміне; алма, кызылша, сәбіз, печенье, пекиндік орамжапырақ, шемішке , сұлы, арпа, бидай, нан, банан, йогурт, ірімшік, ет, қояндар(питондарға) кіреді.

      Сыртқы орта факторлары мен тұрғылықты мекені өзге хайуандар үшін оларға берілетін азықтың орны бөлек. Сол себепті Қарағанды мемлекеттік хайуанаттар бағына ең таңдаулы жеміс-жидектер, көкөністер мен тағы да басқа азық-түліктер арнайы тапсырыспен алынады. Күнделікті режимге сай әр бөлімнің тамақтану уақыты әр түрлі, солардың ішінде: орнитология бөлімі 11:00, жыртқыштар бөлімі түскі уақыт шамасында, бауырмен жорғалаушылар бөлімі аптасына 1 рет, питон жарты жылда бір рет қоректенеді.

    Хайуанаттар бағын мекендеуші 241 түрмен ажырататын бұл жан-жануарлардың 70% жуығы Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан айрықша қорғауды, ерекше күтім талап ететін көптеген жануарлар біздің қалалық зообақта тіршілік етуде. Барлық санитарлық нормаларға сай ТҚЕ қатаң түрде сақталуда. Жануарлардың әр түріне күтім жасайтын өз қызметкерлері бар, аңдарға берілетін тағамдарды өлшеп үйренген сон, қызметкерлермен бірге қалай дұрыс қоректендіру керек екенін тәжірбие жүзінде бақыладық. Өмір сүру орталары басқа хайуандар үшін арнайы лабораторияларда егеуіштер мен қояндар өсіріледі, олар арнайы жолдармен көбейтіліп жыртқыш жануарларға берілді.

      Әр топтағы хайуанның күндік немесе апталық рационында өзіне тән ерекшеліктер көп. Мысалы: кеміргіштерді азықтандырмастан бұрын олардың көлемдері кішкентай екенін ескерген жөн, себебі оларда метоболизм басқаларына қарағанда тезірек жүреді. Соған байланысты олардың бір басына деген порция көлеміде үлкен. Ақ тышқанға берілетін бір күндік рационды кестеде былай көрсете аламыз.
    Азық аты Гр./1 бас./күндік
    Нан 4
    Сәбіз 2
    Қызылша 3
    Бор 0,1
    Ұн 0,2
    Қайнатылған тұз 0,1
    Дәнді дақылдар 5
    Тары 0,5
    Сұлы 5
      Көптеген бауырмен жорғалаушыларға минералдар мен дәрумендер нұсқаулық бойынша жиі пайдаланылуы керек.

    – Тасбақалар мен шөпқоректілер – күн сайын;
    – Тұщы су тасбақалары – аптасына 6 рет;
    – Ұсақ жыландар – аптасына 1 рет;
    – Кесірткелер – күн сайын;
    – Орташа жыландар – аптасына 1 рет;
    – Үлкен жыландар ( жас удавтар, питондар) – аптасына 1-2 рет;
    – Үлкен жыландар ( есейгендер) – 3 аптада 1 рет.

      Осындай өлшемдер бойынша әр жануарға азықтарына әр түрлі дәрумендер қосылып беріледі. Рациондарды нақты анықтау үшін Қарағанды зообағының көптеген жылдар бойы жинаған тәжірбиелері мен Мәскеу зообағының нұсқаулығы көп көмегін көрсетті. Көп жануарлардың артық салмаққа ұшырамауы үшін құрамында көмірсу көп нан, қант, майлы азықтардың рациондық өлшемі азайтылды. Артық салмаққа көп ұшырайтын приматтар үшін денсаулығын әр жағдайына әр түрлі рацион беріледі. Приматтар жүкті болса, созылмалы аурулар болса немесе лактация кезінде де рацион өлшемдері мен құрамы өзгертіліп отырады. Қысқы уақытта кейбір жемістердің немесе көкөністердің түрлері болмаған жағдайда тұздалған түрінде немесе шырын ретінде де беріле береді. Кәзір жер бетінде қалған мыңдаған жан-жануарлар Қызыл кітапқа енуде, сол кітап беттерінен көретін көптеген жануарларды біздің осындай бақтарда көре аламыз. Оларды аман алып қалуда қажырлы еңбек етіп жүрген осы саланың азаматтары келешектегі флора мен фауна жағдайын сақтап қалуда көп үлесін қосуда. Былай қараса мардымсыз болып көрінетін бұл қызмет іс жүзінде көптеген жануарларға көмегін тигізуде.